Қамшы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қамшының құрылымы: 1 – қамшының сабы, 1а-қамшының дүмі (басы), 1б-қамшының мойны; 2 – тұтамы (тұтқасы); 3 – бүлдіргесі; 4 – бауырдағы; 5 – бүркеншек; 6 – мойнақ; 7 – бунақ; 8 – қамшы шырмауығы; 9 – өрімнің ұшығы, 9а-түйін; 10 – таңдай; 11 – тілше; 12 – кекілдік; 13 – қамшының алақаны; 14а – бекітпе желкелік, 14б – үзбе; 15 – шажамай; 16 – шашақтар, 16а - қолдың шашағы.

Қамшы — қазақ халқының байырғы кездегі шаруашылық, мәдени өмірінде аса кең тараған, көлікті айдап жүргізу үшін қолданылатын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі, ер-тұрманның бір құрамы.

Қамшының құрылымы

Қамшы берік материалдан жасалған сап, оған қайыстан өріліп бекітілген өрім және өрім мен саптың арасын байланыстырып тұратын алақан делінетін негізгі үш бөліктен тұрады. Ол бөліктердің әрқайсысы – құрылымдық және декорациялық, сондай-ақ функционалдық (тіпті семантикалық) маңызы бар ұсақ деталдар – қамшы құрылымының функционалдық және мәдени семантикалық мәнін жете түсінуге септігін тигізеді.

Қамшының сабы

Қамшы сабының ұзындығы көбіне 4-7 тұтам болып келеді. Ол ағаш, мүйіз, металл тәрізді қатты материалдан жұмыр немесе қырлы етіп (сирегірек қайыстан өріледі) жасалады. Оның жоғарғы доғал, жуантық келген жағы қамшының басы/дүмі (1а), өрме қондырылған төменгі жіңішке жағы қамшының мойыны (1б) деп аталады.

  • Қамшытұтамы/тұтқасы. Қамшының қолға ұсталатын бір жарым тұтамдай бөлігінің атауы. Ол терімен қапталады және оның ортасынан бүлдiрге бау өткізіледі.
  • Қамшының бүлдіргісі – саптың тұтамындағы тесікке өткiзiлген қайыс таспа бау. Тесік қамшы дүмінен 3-4 елі тұстан тесіледі. Қолына қамшы ұстағанда бүлдіргенің тұйығынан қолын өткізіп, білезік буынға қарай кигізеді. Аттың ерінің қасына ілінеді. Бүлдіргені қайыстан ғана емес, жібек жіптен өріп, моншақпен сәндеп те жасайды.
  • Қамшының бауырдағы – өрімнің сапқа жалғасқан бөлігі. Оған қоса ер адамдар, сондай-ақ бақсы қамшысына жіңішке жезден салған тіреме де бауырдақ деп аталады. Ұзындығы саптың үштен екі бөлігіндей болады, бүлдіргеге жақын орналасады.
  • Бүркеншек – бауырдақты қамшы жасағанда өрімі мен сабын біріктіріп тұратын шеге.
  • Мойнақ – қамшы сабының өріммен жалғасатын тұсына жез, мыс, күміс және т.б. металмен көмкерген бөлігі. "Қолымда бір қамшым бар мойнақтаған, Бәйгеден қос ат келер ойнақтаған" дейтін қара өлеңдегі жолдар осыған байланысты айтылған.
  • Бунақ – қамшы өрімін сапқа бекітуші таспа (қайыс). Қамшы бауырын сапқа таспамен буып бекітуді бунақтау деп атайды. Шикі теріден тілінген бунақ (таспа) кепкеннен кейін өрім мен сапты мықтап берік ұстайды.
  • Қамшының шырмауығы – қамшы сабына бауырдақты басып оралған металл бұрама.
  • Тілше – алақанның бауырдаққа қарама-қарсы жағының жұқа қайыстан "тілдей етіп" қабаттап салған кішкене бөлігі. Оны сапқа өрімді шегелеп бекіткен қамшыларда шегелікті жасыру үшін салады.
  • Кекілдік – тілшенің үстіңгі жағында жіңішкелеп, шашақ тәрізді етіп тілген, ұзындығы екі еліден бір жарым тұтамдай ұзын таспа шашақ.

Алақан

Алақан қамшының қайыс, теріден жасалатын, сапқа өрімді бекітетін кішкене бөлігі. Қамшы алақанының өрімге жалғасқан жағы жалпақтау, бауырдаққа ұласқан жағы жіңішкелеу болады. Сол жіңішке жағы сапқа бекітіледі. Алақанның ұзындығы 2-4 елідей, ал ені өрімнен 1-1,5 елідей жалпақ болып келеді. Алақан екі тәсілмен шығарылады: өрмеден жалғастырылып немесе өрмені үзіп арнайы қабаттап тігіп байланыстырады. Соңғы тәсілімен жасалған алақан бостау келетіндіктен сәндік қамшыларда қолданылады.

  • Бекітпежелкелік - қамшы алақанының үстіңгі жақ бөлігі.
  • Үзбе – қамшы алақанының астыңғы жақ бөлігі. Бекітпе желкелік пен үзбе сап пен өрімді бірі-біріне бүктеп ұстаған кезде алақан тұсынан сынып, үзіліп кетпеуін қамтамасыз етеді.
  • Кежеге немесе жжелкелік тесігі – сапты тесіп оған желкелік бекітілген жер. Оған таспа өткізіледі.
  • Шажамай (шежемей) немесе қамшытаңдайы – қамшының өрімі мен алақанының жалғасқан, жоғарыда аталған қабаттардың дәл бүктеліп тұрған бүкпелі жері (кебістің шажамайы – табан мен өкшенің біріккен тұсы тәрізді. Жайшылықта қамшыны ілгенде осы тұсынан бүктеп қаратып іледі.

Қамшыөрімі

Қамшының қызметі мен сапасы оның өрімімен тікелей байланысты. Дәстүрлі ортада тері, қайыс илеп дайындайтындарды – "ысшылар", қамшы өретін мамандарды "өрімшілер" деп атаған.

  • Өрім – қайыстан өріліп жасалатын қамшының бөлігі.
  • Түйін – өрімнің ту ұшындағы ұшығы, яғни аяқталған тұсы. Мықтап бекітілмесе, өрім ширатылып, босаңсып кететіндіктен, қорғасынмен біріктіріп, немесе шашақтап, түйіп аяқтайды. Түйін аса маңызды деталь, өйткені "тұрман түйіннен тозады" дейді қазақ мақалы.
  • Таңдай – өрімнің бауырдақ жағындағы сыртқа қараған бетінде, өрім басталар тұсындағы ирек бедерлі "сызық" тәрізді түскен бөлігі. Кейбір өрімшілер ат қамшының сабын қайыстың өзінен тығыз етіп өреді. Оны "өрме сапты" қамшы дейді. Қамшыны, негізінде, мықты қайыстан өреді. Түйелі елде шідер, шылбыр, қамшы т.б. түйенің құйыршығынан істеледі. Ал құйыршық дегеніміз "түйенің ұзын құйрық терісінің ортасынан тілгендегісіндей етіп бөлек алған тері". Қамшы өрудің шеберлерін қазақтар "өрімші" деп арнайы атаған. Кейбір өрімшілер әдетте өрімнің ұзындығын қамшы иесінің тұтамына лайық өруге тырысқан.

Қамшының сабына қарай аталуы

Қамшы сабының тобылғы, ырғай, еліктің сирағы тәрізді т.б. заттардан жасалатыны белгілі. Әсіресе тобылғы сапты қамшы жиі кездеседі, оның себебі тобылғының ерекше мықтылығына, су тисе ісінбейтініне, оның этномәдени ұжымның санасында ерекше қадір тұтатын зат екеніне байланысты болуы мүмкін. Қамшы жасалған материалына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді: – жасалған шикізатының түріне қарай сүйек қамшы, мүйіз қамшы, тобылғы сап(ты) қамшы, ырғай сап(ты) қамшы, елік сирақ қамшы және т.б. Қамшы сабындағы мойнағының неден жасалғандығына қарай: ақ мойнақ, сары мойнақ, қызыл мойнақ, жез мойнақ, сарыала мойнақ қамшы т.с.с. атай береді.
Дәстүр бойынша қамшыға сап жасауға ең таңдаулы ағаш – тобылғы мен ырғай. Тобылғыны май жағып, шоққа қыздырып, өңдейді, қайың, емен мен қызыл ағашты қырнап, қаптап, әшекейлеп жасайды. Жыңғылдан жолы ауыр деп сап жасамайды. Саптың мықтылығын арттыру үшін ұшы мен дүмін металмен құрсаулайды (мұны бекітпе қамшы дейді), өрімінің не саптың ұшына тас, сүйек не металл тобыршық бекітеді.
Ортасы қуыс, кездiктi пышақты алып – салатын сұғынбалы екі бөлiктен тұратын сұғылмалы сапты қамшыны барымташылар мен жаушылар қолданды.

Қамшы түрлері

Тұяқпен көмкерілген қамшы

Қамшыны жасалу жолы, көлемі, әшекейлеп безендірілуне қарай сара ала қамшы, әшекейлі ақ қамшы, алтынды қамшы, шашақты қамшы, ал, ең бастысы, тұтынысына қарай негізінен; қайыс қамшы; дырау қамшы деп бөлінеді.

  • Сарыала қамшы – жез бен мыс араластырып дайындалған қамшы түрі. Қамшының бұл түрін көбіне ер адамдар ұстайды. сылдырмақ пен қоңырау, жез салпыншақ, тіптен үкі, айна да тағылғанын киелі деп санаған. "Сарыала қамшыға сайтан жоламайды" деп, бақсылар ойын салғанда қолданған. Оны төрге іліп қойса үйге пәле-жала жоламайды деп сенген. Сондықтан сайтан қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы сияқты атаулар ұшырасады.
  • Ертеде ер адамдар ғана ұстаған сары ала қамшының сарыбас қамшы, жез қамшы деген атаулары әшекейлеген бөлігіне байланысты аталған. Мысалы, жезбен алқымы мен сабының түбi оралғанын жезмойнақ қамшы, бауырдағын әшекейлегенін жез бауырлақ қамшы деп бөліп айтады.
  • Әшекейлі ақ қамшы – сабы ақ күмістен сәнделіп жасалған қамшының түрі. Оны көбіне әйелдер ұстаған. Қамшының мұндай түрлерін алтын-күміс пластинкамен бунақтау, сәндеу, асыл тастан көз орнату құйма, күміс шеге, шытыралар шауып сәндеу, сылдырмақ, шашақ қадау, өрмесіне шашақ, түйін салу сияқты жолдармен әшекейлейді. Оның "босмойынақ қамшы" деген түрі болады.
  • Атбас алтын қамшы - сабы да өрімі де алтынмен апталып, күміспен күптеліп жасалған, сабына березе тәрізді асыл тас орнатылған, атбасын бейнеленген қамшының ерекше түрі. Алтынды қамшының бұл тәрізді түрлерін әлеуметтік мәртебесі аса жоғары ел сұраған хан, сұлтан; ел құраған билер мен бектер, сондай-ақ ел ішіндегі аса қадірлі тұлғалар ұстаған деуге болады.
  • Шашақты қамшы – қосымша әшекей ретінде әр бөлігінде тарамыстан жасалған айдаршалары бар қамшы. Бұлар негізінен үш түрлі болып келеді: сайтан айдар шашақ – өрімнің жоғарғы тұсынан шығарылғаны; мал айдар шашақ – саптың алдыңғы тұсындағысы; қолдың шашағы – саптың терімен оралған тұтамының астыңғы тұсынан шығарылғаны.
  • Қайыс қамшылар – өрімі мен сабы ұзындау жасалған қамшының түрі; шаруашылық қарекетіне қолдануға ыңғайлы, иленіп, май сіңірген қайыстан жасалалы. Қолданысына қарай қайыс қамшы, бәйге қамшы, ат қамшы, түйе қамшы, арба қамшы, соқа қамшы қамшы, шыбыртқы т.б. түрлерге бөлінеді. Олардың жасалуындағы кейбір айырмашылықты ескермегенде пошымы мен дайындалу жолы бір-біріне жақындау. Тұтыну мақсатына қарай сабы, алақаны, өріміндегі айырмасына қарай қысқа өрімді, жеңіл сапты түрі салт қамшы, ұзындау өрімдісі атсоғар, шыбыртқы деп аталады. Қамшының ел арасында айтылатын ат қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, білеу қамшы, борбас қамшы, орама сапты қамшы, өзекті қамшы, шашақты қамшы, жалғыз таспа қамшы т.б. түрлері бар.

Қайыс қамшылардың: кішкене шағындау түрін тай қамшы, сабы екі-үш тұтам, өрiмi жiңiшкесін бәйге қамшы, өрімі мен сабының қамшыдан әлдеқайда ұзын түрін шыбыртқы, өрімі сабынан үш еседей ұзын, ұшына шикі таспадан шырмауық жалғанғанын бишік, ал өрімі бірнеше бөлік етіп өрілгенін соп қамшы, қысқалау сапқа шығыршық арқылы бекітілгенін торсылдақ қамшы, сабы шолақтауын бишік қамшы, ұшына қыл бекіткенін балақпан деп атаған. Ұрғанда тарсылдайтын ұзын қол бишік балақпанмен тары піскен кезде егінге түскен құсты үркітеді. Қамшы түрінің балақпан аталуы себебі қайыстың ұшына аттың бірер қылын жіңішке етіп өріп байлап қояды. Осы байланған балақ жіп қамшыны оса тартқанда тарс еткен ащы дыбыс шығарып, тары атаулының қас жауы шымшық, торғайларды үркітеді.

  • Дырау/ дойырқамшы – суық қару ретінде қолданылатын қамшының түрі. Оның дойыр, дырау, босмойын деген түрлері бар. Өрімі жуан, жұмыр, кейде төрт қырлы болып келген дойыр қамшыны өрімнің арасына қайыстан, қорғасыннан жұмырлай ширатылған өзек салып, сыртын таспамен тоқи өреді, түйініне тас, қорғасын бекітеді.Таспа саны өрімшінің шеберлігіне қарай 24-тен асып кетеді.

Жасалу жолы

Дойыр қамшы үшін ені бір тұтамнан кем емес, ұзындығы 4-5 қарыс қайысты алып оны алақанына 1-2 тұтамдай кең етіп қалдырып (11,5 см ұзын, ені 7 см) үзбесінен бастап 24 таспаға бөліп біркелкі етіп өткір пышақпен таспалап тіледі. Таспаларды жұмырлап, тегістеп қырнап, майдалап жонып (оны "сыдыру" деп атайды), қырып өңдейді. Ортасына қайыс өзек салып қатайтқан, ұшына ала 2 елідей қайыс және қорғасын сым салып салмағын ауырлата түскен. Өрімнің ұшын 4 см бөлігін таспалап көктеп түйіп аяқтаған.

Қамшының қырғыз өрім, қырық сегіз таспа дейтін түрлері бар. Бес таспа қамшыны кей жерлерде бесқасқа деп атайды. Қамшының таспадан өзек салынған түрлері: дойыр қамшы, бұзаутіс сары ала қамшы, дырау қамшы. Соңғы тіркестегі дыр сөзін дырдай жігіт деген тұрақты теңеу құрамындағы дыр сыңарымен төркіндес деуге болады.

Дырау қамшы мен дыр қамшының мағынасы бірдей, тек біріншісі – жалпыхалықтык сипаттағы, екіншісі – аймақтық қолданыстағы атаулар. Соғыс-ұрыс қаруы ретінде қолданылатын қамшының дырау, біртартар, бесқасқа тәрізді, сондай-ақ қазұялы қамшы деген түрлері де бар. [[Сурет:Мүйіз тұтқалы қамшы.jpg|thumb|200px|Мүйіз тұтқалы қамшы]

Қамшының шаруашылықта қолданылуы

Көлік айдаумен қатар, жылқышылар шаруашылық ұйымдастыруда қамшыны асау үйретудің құралы ретінде қолданған. Асау аттың үстіңгі ерніне қамшының бүлдіргесін кигізіп, сабымен бұрау салады. Мұны шұра салу дейді. Шұраны әдетте шу асауға салады. Қамшыны қамшыгерлікте, аңшылықта да қолданады.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Будагов Л. Сравнительный словарь турецких наречий. Т. 2. СПб., 1871; Себепов Ғ. Түйе және оның әбзелі туралы қысқаша атаулар
  • Известия Каз. ФАН СССР. Сер. языка и литературы. 1944. No1; Курылев В.П. Оружие казахов
  • Материальная культура и хозяйство народов Кавказа, Средней Азии и Казахстана. СМАЭ. ХХХІV. Л., 1978. С.8-10; Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 16 томдық. Тарих этнографиялық шолу. Т. 15. Алматы: Жазушы 1979; Валиханов Ч.Ч.Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи
  • Собрание сочинении в пяти томах. Том 1. Алматы: Изд. АН Каз ССР, 1985. С. 464-466; Шоқпарұлы Д. Қоңырау
  • БжЕ. 1986. No7; Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХIХ начало ХХ вв) Алматы: Ғылым, 1991; Абылқасымов Б. Телқоңыр (қазақтың көне наным-сенiмдерiне қатысты ғұрыптық фольклоры). Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993; Әлімбай Нұрсан. Қазақтың өлікті жөнелтуге байланысты жосынжоралғыларының этномәдени проекциясы
  • ҚР ҰҒА хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. 1994, No1, 36-48; Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл (Әдеби-этнографиялық таным. Құр.: Б.Әлімқұлов, Е.Әбдірахманов. Алматы: Санат, 1994; Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнерi. Алматы: Қазақстан, 1995; Жетыбаев Ж., Самашев З. Камшы (плеть) в искусстве и мифологии казахов (по мотивам адаевских граффити)
  • Наскальное искусство Азии. Тезисы докладов Международной коференции. Кемерово, 1995. Кузбасс ВУЗ издат. С. 66-67.