Қармақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Қармақ – ұшы ілгешек болып иілген балық аулау құралы.

Сипаты

Қармақ құрышы қанған болат сымнан жасалады. Балық бұлқынғанда шығып кетпеу үшін қармақтың ұшында кері бағытта иілген «әттік» деп аталатын тілшігі болады. Екінші басында қармақбау байлайтын дөңгелектеніп келген сақина көзі болады. Ұсталатын балықтың түріне қарай қармақтар және қармақтан істелген құрылғылар әр түрлі болып келеді. Қармақтың қарапайым түрі – қармақ сап, жіп бау, қалытқы, батқы және қармақ ілгешектің өзінен тұрады. Қармақпен балық аулау үшін қармаққа жем қыстырып, жемді қапқан балықты ұстайды. Жем ретінде түрлі құрттар, шегіртке сияқты жәндіктер, бұқтырылған дәнді дақылдар, ет түйіршіктері мен бақа және тышқан, металдан жасалған жылтырауықтар қолданылады.

Қармақ атаулары

Қармақтардың пошымына, үлкен кішілігіне қарай түрлі атаулары бар:

  • жұтпа қармақ – балық жеммен бірге жұтып қоюға негізделген көлемі әр түрлі қармақтың тобы. Шортан, жайын сияқты жыртқыш балықтарға жұтпаның үлкен түрлерін қолданса, табан, сазан сияқты балықтарға кішкене түрлерін қолданады. Шортан, жайын аулағанда кішірек балықтарды тірідей шаншып қояды, жем балықты қапқанда жұтпа ішіне кетіп қалады да, қайта шықпай қалады;
  • тілше қармақ – шегіртке, шылаушын шаншып аулайтын қармақ, мұндай қармаққа әдетте балық аузынан ілігеді;
  • ине қармақ – ұсақ қармақтың атауы;
  • жұбаднай – қолдан соғылған, ұшты, қызыл балық аулайтын әттікті қармақ;
  • қараша қармақ – қолдан соғылған қызыл балық аулайтын үлкендеу келген әттіксіз қармақ.

Қармақ құрылғылары

Қармақтың көмегімен балық ұстау үшін күрделілігі әр түрлі құрылғылар қолданылады:

  • желі – қызыл балық аулауға арналған құрылғы. Ұзындығы 60 м-ге жететін желіге, қармақбауын 2 м қылып, 30-ға шейін қармақ байлап, екі шетінен бүйек бау арқылы батқы байланады. Желіні керекті тереңдікте ұстап тұру үшін, бойына арасы 10 м-ден қалытқы орнатылады. Осылайша дайындалған желілерді, балық жүретін жерге 40-60 данасы бірақ қойылады. Желімен бекіре, қорытпа сияқты балықтарды аулайды;
  • сүре – 300 м-дей кендір арқанның бойына алты желіні байлаған қосынды құрылғының атауы. Әдетте, теңізде қызыл балық аулағанда қолданылады;
  • қарашығармақ – желіге арасы 8-10 см-ден, қармақбауын 30 см – дей етіп қараша қармақ байлап, бүйек бауын 30-40 етіп құрады. Қаршығармақ су түбінде бос жатады, жемделіп жүрген балықтар қармақтың бірнешеуіне денесімен ілініп қалады. Қарашығармақпен балық аулағанда жем салынбайды. Қаршығармақпен бекіре, шоқыр, қорытпа сияқты қызыл балықтарды аулайды;
  • жылтырауықпен аулау – қармақтың тұсына жемнің орнына ақ қаңылтырдан арнайы жасалған жылтырауық тағып бауын ұзындау жасап, қармақ сабын сілтегенге ыңғайлап қысқалау қылып, шортан, алабұға сияқты балықтарды аулау құралы.

Қармақпен балық аулау тәсілдері

  • Қармаққа жем қыстырып қайықтан немесе жағалаудан балық аулау – балық аулаудың ең қарапайым түрі;
  • қыстың күні ойық ойып, мұздың үстінен аулау;
  • сүре, қарашығармақ, желінің түрлерімен аулау;
  • жылтырауықпен аулау;
  • 25-30 м желіге 15-20 қармақ байлап, жем қыстырып, бір басын жағалауға бекітіп, екінші басына батқы байлап, құлаштап барынша алысқа лақтырылып ұстау. Бұл тәсілде желінің жағалауға бекітілген жағына қоңырауша байланылады, балық жемді қапқанда қоңыраушалар сылдырлап белгі береді.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Рыболовство на озере Балхаше // ТС Т.461. Ташкент 1908. С. 48-50;
  • Сарачев. Озеро Балхаш в географическом, экономическом и этнографическом отношения // ТС Т.461. Ташкент 1908. С.95-96;
  • Досқараев Ж. Арал, Каспий балықшыларының тіліндегі профессионалдық лексиканың материалдары. Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы. 1-шығарылымы. Алматы: Ғылым, 1958. 135-137 бб.;
  • Айтазин К. Каспий балықшыларының тіліндегі ау, құрал - сайман аттарымен байланысты кәсіби сөздер. Қазақ диалектологиясы. І шығуы. Алматы, 1965.
  • Юсупов М. Табиғат тағлымы. Алматы: Қайнар, 1986;
  • Мұқанов С. Таңдамалы. ХҮ том. Халық мұрасы. Тарихи-этнографиялық шолу. Алматы: Жазушы, 19

79.