Әулие адам
Әулие — ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Әулие – халық арасына ерекше діндар-тақуалығымен, шипа дарытқан емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие, қауымға рухани тәрбие жүргізуші тұлға.
Сөз мағынасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әулие – уәли деген араб сөзінің көпше түрі, қазақша қасиетті деген мағынаны береді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни, Уәли Аллаһ – Аллаға жақын, дос, Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады. Қазақ тілінде әнші-әнбие түрінде қосарланып та айтылады, мұндағы әнбие арабша – нәби, яки, пайғамбар деген сөздің көпше түрі [1]. Дегенмен бұл қосарлы сөз ел танымында әулие деген мағынаны білдіреді.
Діндерде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ислам дінінде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ислам дінінде Әулие ұғымы бірден орныққан. Мұхаммед пайғамбардың серіктерін, туыстарын, үрім-бұтақтарын, кейінгі діни қайраткерлерді Әулие тұту, оларды құрметтеу дәстүрі барлық мұсылман елдерінде бар. Кейде оларды жинақы түрде “әулие-әнбиелер” деп те атайды.
Басқа діндерде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әулиелер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі. Христиан дінінде “великомученик” (ұлы қасірет шегуші), “апостол” (пайғамбар), “мученик” (қасірет шегуші), “монах”, “блаженный” (дәруіш), т.б. ретінде кездеседі. Шіркеу күнтізбесінде оларды құрметтеу күндері көрсетілген. Шіркеу қасиетті Ә-лерге арнап ғибадатхана салады, діни мейрам тағайындайды, соған шоқынуды, сый тартуды уағыздайды. Христиан дінінде 3–4 ғасырларда патшалардың, князьдердің, епископтардың, патриархтардың, Рим папаларының есебінен Ә-лердің саны көбейді. Рим папасы Пий жылма-жыл орта есеппен 5 адамды “қасиетті”, 40 адамды “блаженный” деп жариялап отырды.
Қазақ халқының дүниетанымында
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақ халқының дүниетанымында Әулиеге табыну дәстүрі ежелден бар. Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр атаны, ата-баба аруақтарын желеп-жебеуші санап, оларға үнемі сиынып отырған. Күнге, Айға, Отқа табыну, ел иесі Көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт түлік малдың иелері — Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсылқарадан, Зеңгі бабадан, Шекшек атадан жәрдем күту, т.б. ислам дініне дейінгі ежелгі нанымдар Қазақ халқының дүниетанымында күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен біте араласып, Әулие ұғымының мазмұны толыға түсті. Бұл бағытта, әсіресе, Қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі үлкен әсер етті. Сопылар ұстанымындағы дәруіштік, пәктікке ұмтылу, зікір салу, т.б. қазақтардың ежелгі нанымдарына ұқсас еді. халық оларды Әулие санап, пір тұтты. Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстан баб, Баб ата, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Сопы Әзіз, Оқшы ата, т.б. Әулиелер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық жадында мәңгілік сақталған. Қазақ халқы, сондай-ақ, ел қорғаған батырларды, ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл-парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған аналарды Әулиелер қатарына қосып, олардың аруақтарына табынып келеді.[2].
Ұғым тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ислам діні тарихында
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әулие туралы ұғым ислам діні тарихының әртүрлі кезеңінде әр қилы мағынаға ие болып, дамып отырған. Сопылық (суфизм) ілімнің ілкі дәуірдегі (IX ғ.) өкілдерінің бірі - Зүнүн Мысыри (796-859 жж.) еңбегінде осы термин теософиялық мәнде қолданылады. Одан кейінгі кезендегі авторлар әулиені діни практикада кемелденіп толыққан тұлға, Алла туралы ілім-білімге қанық жан ретінде түсіндіріп, оған Жаратушы туралы құпия сырды білуші, Алланың дидарын көрген деген сипаттарды береді. Әсіресе Хаким Термези: «Пайғамбар тек Аллаға ғана емес, әулиенің демеуіне де иек артады, себебі әулие пайғамбардан төмен болғанымен, оның сайрап тұрған қызыл тілі ұдайы Алла тағаланы еске түсіруге қызмет етеді, ал лүпілдеген жүрегі Алланың нұрымен нұрланған» - деп жазады. X ғ. -да суфизмде әулие иерархиясы жүйелі тізім тапты: олардың саны 356, кейде 500 деп айтылады, ал рухани көшбасшысы кутб (жарылқаушы) аталды. Бұл құрылымда сопылық пен шейттік арналар тоғысып кеткен. XII-XIV ғасырда сопылық бауырластық күшейгенде, әулиенің қоғамдағы орны мен мән-маңызы, атқаратын қызметі, міндеті еселеніп арта түсті. Зерттеушілер сопылық пен әулие ұғымының қанаттас дамығанын және бұл құбылыстың (суфизм) XIII ғ.-да ислам дүниетанымында шенуші мәнге ие болып, зор ықпал жасағанын айтады [3].
Қазақ халқы тарихында
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осындай тарихи-әлеуметтік нақтылы себептерге байланысты қазақ арасында да әулие туралы түсінік ислам дінімен жапсарлас жайылып, киелі сипатқа ие болып, әулиелік туралы аңыз-әпсаналар молынан таралып, бір сөзбен айтқанда, әулие культі ел санасында берік орныққан деуге болады. Ғылымда анықталғандай, әулие культі әсіресе ресми діннің орталығынан шеткерілеу аймақтарда тұрғылықты халықтың байырғы наным-сенімдерімен, салт-дәстүрімен, ырым-жораларымен тығыз сабақтастықта қалыптасатыны - анық жайт. Демек, әулие культінің орнығуына жергілікті халықтың табиғат нысандарына табыну жорасы (Мысалы: көрікті тау-тас, сырлы үңгір, шипалы көл-бүлақ т.б.), шаманистік мифологиясы, аруақтарды ұлықтау рәсімдері өзгеше лепте үндесіп, айырғысыз тұтастықта ұштасып, әбден кірігіп кететіні байқалады. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтық исламның сомдаған тол түсінігі болып табылады, осы ілімге сүйенген ел әулиені таңғажайып керемет иесі (карама), береке-ырыздықтың бастау көзі, тілекті қабыл етіп жарылқаушы, әртүрлі кәсіптің жебеуші иелері, қамқоршысы бейнесінде таниды. Көзі тірісінде елді ру-хани тура жолға бастаған әулиелердің қайтыс болғаннан кейін де қадір-қасиеті тағы да арта түседі. Осыған орай олардың қабіріне кесене тұрғызылып, ол қасиетті дүрбе мұсылмандардың тұрақты зиярат ететін киелі мекеніне айналады. Мәселен, Қазақстандағы Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстанбаб, Ысқақ баб, Шайқы Ибраһим, Иасауи, Әулие ата, Қоңыр әулие, Бекет ата т.б. әулиелердің сағаналарына халық әлі күнге дейін тәу етеді.
Қазақ арасында ислам дінін таратып, осы жолда өмірін сарп етіп, жанын қиған Арыстанбап, Қожа Ахмет Ясауи, Масат ата, Укаша ата секілді арғы тегі хазірет пайғамбардан таралған әулиелер ерекше ілтипатқа ие. Олардың тұқым-жұрағаттарын халық қожа деген әлеуметтік-статустық тапқа жатқызып, ақсүйек деп ардақтады. Сонымен бірге дінді тарату жолына күш салып, бұқараны имандылыққа үндеген жергілікті халықтан шыққан Әулие ата (Сатық Бұғра Қара хан), Баһауиддин Нақышбанд, Бекет ата, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан ахун, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Шәкәрім секілді тұлғалар да әулиелік жолды жалғастырушылар болып есептеледі.
Ұғым қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақтың әпсана-мифтерінде әулие кереметті көрсетуші, тылсым сырды шешуші, жоқтан барды жасаушы, батырларды жебеуші nip, дін жолында құрбан болушы тұлға ретінде дәріптеледі. Оның мұндай қызметтері, әлбетте, өңірдегі табиғат нысандарымен тікелей байланыста болып келеді. Мәселен, қазақ мифтерінде төмендегідей мотивтер тұрақты кездеседі. Елге белгілі әулиелер (Масат ата, Үкаша ата, Түлкібас, Азанұр әулие, Шілтер әулие т.б.) намаз оқып тұрғанда, андып жүрген аяр жаулары оған аяқ астынан қастандық жасайды да, олар қаза тапқаннан кейін марқұмның денесінен (қанынан, ізінен, түкірігінен) жергілікті жағырапиялық нысандардың түр-түсі, кескін- келбеті пайда болып қалыптасады. Ал атса оқ өтпейтін қасиетті әулиенің осал тұсын дұшпанға айтып берген опасыз келіні (кейде тоқалы) қарғыстан меңіреу тасқа айналады[4].
Ондай өлкелер Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Сыр бойында көптеп кездеседі. Мысалы, Укаша әулиенің қаза тапқанда домалаған басы еніп кеткен таудың қуысында киелі құдық пайда болса, Көзата қабірінің қасынан жанарды емдейтін бұлақ ағып шығады. Түлкібас әулие түкіріп қалғанда, он екі қарсыласы езіліп кетеді, сол жерде он екі шипалы бұлақ пайда болған деген аңыз бар. Бұл мифтерде халықтың ислам дініне дейінгі табынып келген табиғат нысандары туралы ежелден бері айтылып жүрген әпсана-хикаялары енді әулиенің қасиетті өмірбаянымен етене ұштасып, басқа сипатта жаңғырып, киелі өзен-су, тау-тас жаңа діннің күшті насихат құралына лайықталғаны және де соның арқасында осындай көрікті мекендер мұсылмандардың діни жоралғы өтеп, жиі-жиі зиярат ететін орнына айналғаны байқалады. Әулиенің ерекше кереметтерінің бірі - перзентсіз ата-анаға ұрпақ сыйлайтын қасиеті екендігі қазақ мифтерінде, ертегілерінде, эпостарында тұрақты дәріптеледі. Әсіресе әулиенің шапағатына қатысты пайда болған қасиетті нысандар мифте өте-мөте иланымды суреттеліп, тіпті сол олкелер ел жадында бұлтартпас деректермен куәландырылып, бүгінгі ұрпақтың да бағзы заманғы ғажайыпты көруіне бағыт-бағдар нұсқалып, соның нәтижесінде даламыздағы нақты бір өңір өткен мен бүгінгі күнді түйістіретін қуатқа ие, қазір де мұқтаж жандар тәуап ете барып, ғұрыптық жора орындайтын нүктеге айналған деуге әбден болады. Қазақ эпосында, әсіресе хандар туралы тарихи жырларда оларды жебеуші пірдің бірі - Нақышбанд Бахауидин (Бәуеддин) әулие. Мәселен, Шәді төре жырлаған Абылайдың тарихы деген жырда Абылайдың пірі - Жалаңаяқ Әздүр диуана ханға Бахауиддин әулиенің тілек сәуесін жеткізеді, сондай-ақ, ол Абылайды өмірге келгеннен бастап қолдап-қоршап жүрген қамқоршы бейнеде суреттеледі[5]. Халық әулиені басқыншы жауларға қарсы күресуші қаһарман ретінде де бағалайды. Мұның тарихи негізі де бар. Мәселен, крестшілерге қарсы шазилия, қалмақтарға қарсы нақишбандиа, орыс отаршылдығына қарсы иасауиа мен нақишбандиа тариқаттары соғыс жүргізгені туралы мәлімет бар. Әулиенің ел жадында сақталған тағы бір игілікті ісі шөлден су шығара білетін қасиеті. Айталық, Оңтүстік Қазақстанның Ташкентке жақын Турбат елді мекенінде Хазірет Ысмайыл Ата диқаншылардың тілегі бойынша аса таяғымен жерді түртіп, «шар бұлақ» ағызып берген деседі. Ескі дәстүр қайта жаңғырған, әулиеге табыну, қасиетті жерлерге зиярат етіп сыйыну рәсімдері қазіргі кезде қоғамда көрініс тауып отыр. Мұндай шаралар емшілік-саяхаттық, өлкетанушылық бағытта да әртүрлі қауымдар мен діни ұйымдар тарапынан ұйымдастырылып, рухани қажеттілікке айналды. Қазақта әулиеге қатысты мынандай ырымдарды кездестіруге болады. Мәселен, пұшпағы қанамаған бедеу әйел жуынып-шайынып тазаланып алған соң, әулие адамдардың қабіріне барып тәу етіп жалбарынса, сүйегі жазылып, бала көтереді деп ырымдайды[6].
Ұғымның басқа мағынасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әулие - адам мен малға бірдей келетін қатерлі індет, шешектің эвфемистік атауы.
Мұндай қатерлі індеттің қазақы ортада кұл, қонақ, мейман деген атаулары да кездеседі. Кез келген этнолингвистикалық табу белгілі бір этномэдени себептермен байланысты қалыптасатын жалпы этнографиялық табудың құрамдас болігі болып табылады[7]. Өйткені кез келген тыйымның сыртында сол тыйымға итермелейтін немесе түрткі болатын белгілі бір этнографиялық немесе этномэдени ұғым тұратыны сияқты, сан қилы себептермен қолдануға әлеуметтік орта тыйым салған сөздердің сыртында да дәл сондай этнографиялық немесе этномәдени ұғымдар, сондай-ақ, тыйым салуға итермелейтін қоғамда қалыптасқан наным-сенімдер, діни мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, ырымдар және қоғамның тіл мәдениетінің даму деңгейімен байланысты қалыптасатын этикалық қағидалар жатқызылады [8].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Вали // Ислам. Энци-клопедический словарь. М., 1991
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, I том
- ↑ Жирмунский В.М. Сказание об Алпамыше и богатырская сказка. М., 1960
- ↑ Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: Ғылым, 1984
- ↑ Әжіғали С.. Оразбек Е. Қазақтардың дінге сенгіштігі // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Алматы: Арыс, 2005
- ↑ Селезнев А.Г., Селезнева ІІА. Материалы для изучения культа святых в Сибирском исламе // Университеты как регионообразующие научно-образовательные комплексы. Омбы, 2005
- ↑ Арғынбаев X. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969
- ↑ Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы этнолингвистикалық зерделеу). Алматы: Ғылым, 1995
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|