Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(КОКП бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы
(КОКП)
Коммунистическая партия Советского Союза
(КПСС)
КОКП жалуы
Басшысы

КОКП ОК Бас (Бірінші) хатшысы

Негізін салушы

Владимир Ильич Ленин (негіздеуші)
М.С. Горбачев (партияның соңғы басшысы)

Құрылған жылы

РСДЖП
(1898—1917)
РСДЖ(б)П
(1917—1918)
РК(б)П
(1918—1925)
БК(б)П
(1925—1952)
КОКП
(1952—1991)

Таралған жылы

6 қараша 1991

Штаб-пәтері

 КСРО Мәскеу, Старая площадь, 4 үй

Идеологиясы

марксизм, марксизм-ленинизм, большевизм, социализм, коммунизм

Интернационалы
Жастар ұйымы

БЛКЖО (комсомол)
Бүкілодақтық Пионерлер ұйымы

Мүшелер саны

19 487 822 адам.
(1 қаңтар 1989 жыл)

Ұраны

Пролетарии всех стран, соединяйтесь!

КСРО халықтық депутаттарының съезінде
1957 / 2250
(12-шақырылым) 1989 жыл
Әнұраны

Интернационал, сондай-ақ бей ресми әнұраны - большевиктер партиясының әнұраны

Партиялық мөр

«Правда»

Тұлғалар

Санаттағы партия мүшелері (120 адам)

РСДЖП — РСДЖ(б)П — РК(б)П — БК(б)П — КОКП

Партия тарихы
Қазан төңкерісі
Әскери коммунизм
Жаңа экономикалық саясат
Лениндік үндеу
Сталинизм
Хрущёв жылымылығы
Тоқырау жылдары
Қайта құру

Партиялық ұйым
Саясибюро
Хатшылық
Ұйымбюро
Орталық Комитет
Обком
Аймақком
Қалком
Аудком
Партком

Партия басшылары
Владимир Ленин
Иосиф Сталин
Никита Хрущёв
Леонид Брежнев
Юрий Андропов
Константин Черненко
Михаил Горбачёв

Жарғы
Партия съездері
Партия конференциялары
БЛКЖО
Правда
Лениндік гвардия
БК(Б)П оппозициясы
Үлкен террор
Антипартиялық топ
Партияның бас түзуі

Орыс партиясы
Евсекция

КСРО

Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы немесе КОКП (орыс. Коммунисти́ческая па́ртия Сове́тского Сою́за) – Кеңес Социалистік Республикалар Одағында, билігін жүргізген саяси партия.

1920 жылдардың басынан бастап 1990 жылдың наурыз айына дейін партия (әртүрлі атаулар - РК(б)П, БК(б)П, КОКП) біржақты жүйе бойынша жұмыс істеді және елдегі тоталитарлық автократиялық режимді құруға ықпал еткен саяси билікте монополиялық құқыққа ие болды. Бұл мәртебе конституциялық тұрғыда бекітілген: 1936 жылғы Конституцияның 126-бабында Коммунистік партия мемлекеттік және қоғамдық жұмыскерлердің «басқару орталығы» деп жарияланды, ал 1977 жылы қабылданған КСРО-ның Конституциясында КОКП кеңестік қоғамның басқарушы және бастаушы күші деп жарияланды. 1990 жылы партияның саяси билікке жүргізген конституциялық монополиясы жойылды, алайда КСРО Конституциясында КОКП, тіпті, жаңа редакциясында басқа саяси партиялар арасында да бөлек айтылды.

1991 жылы 19-21 тамыздағы оқиғалар КОКП-ны антиконституциялық іс-әрекеттерге айыптауға негіз болды. РКФСР Президентінің 1991 жылғы 6 қарашадағы № 169 Жарлығымен КОКП және оның РКФСР КП республикалық ұйымы қызметін тоқтатты, ұйымдық құрылымдар таратылды, мүлік тәркіленді. Алайда, РФ-ның Конституциялық Соты 1992 жылғы 30 қарашада № 9-П сот бұйрығымен КОКП - РКФСР КП-ның бастапқы ұйымдарының қызметіне тыйым салуды конституциалық емес деп таниды. Іс-шаралар жалпыға бірдей ұйым мәртебесінің құлдырауына және жоғалуына байланысты тоқтатылды.

Партия атауы әр жылда әр түрлі болды:

1898 – 1917 Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы РСДЖП
1917 – 1918 Ресей социал-демократиялық жұмысшы (большевиктер) партиясы РСДЖ(б)П
1918 – 1925 Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы РК(б)П
1925 – 1952 Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы БК(б)П
1952 – 1991 Кеңес Одағы Коммунистік партиясы КОКП

Партияның теориялық негізі – марксшіл-лениншіл ілім болып саналды, түпкі мақсаты – коммунизм құру болып белгіленді, әр тарихи кезеңдегі міндеттерді айқындайтын бағдарламалары болды, ұйымдық құрылымы жарғысында көрініс тапты. Жоғ. органы – партия съездері болды, съездерде Орталық комитеті (ОК – ЦК) Орталық тексеру комиссиясы (ОТК – ЦРК) сайланған. КОКП ОК-ті өз пленумдары аралығында партия жұмысына басшылық жасау үшін КОКП ОК-інің Саяси бюросын (1919 жылдан бастап, ал 1952 – 66 ж. ол КОКП ОК-нің Төралқасы болып аталды), кадрларды іріктеп, жұмыстардың атқарылуын тексеретін хатшылықты, ОК-тің Бас (бірінші) хатшысын сайлап отырды. Партияның негізі – бастауыш ұйымдар болды, олар зауыт, фабрика, ұжымшар, кеңшар, т.б. кемі үш партия мүшесі бар кәсіпорындарда, мекемелерде, оқу орындарында, армияда ұйымдастырылды. КОКП басшылығымен Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағы жұмыс істеді (қ. Комсомол). 1880 – 90 жылы Ресейде өнеркәсіп жедел дамып, жұмысшылардың белсенділігі күшейді. Жұмысшы қозғалысына басшылық ету үшін 1883 жылы Женевада тұңғыш орыс марксшілдері ұйымы “Еңбекті азат ету" тобы [негізін Г.В. Плеханов (1856 – 1918) қалаған] құрылды (қ. Маркс К.). Осы ұйымның ықпалымен Ресейдің өз ішінде де көптеген марксшіл үйірмелер пайда болды. 1898 ж. 50-ден астам қалаларда марксшіл үйірмелер мен ұйымдар жұмыс істеді. Олар 1898 ж. 1 – 3 (13 – 15) наурызда Минскіде Санкт-Петербургтік “Күрес одағы” ұйымының (жетекшілері В.И. Ленин, Л.Марков, т.б.) ұйымдастыруымен өз съезін өткізді. Съезд бүкілресейлік біріккен марксшіл жұмысшы партиясының құрылғанын жариялап, оны “Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы” (РСДЖП) деп атау туралы шешім қабылдады. Съезден кейін Ресейдегі бұрынғы марксшіл ұйымдар РСДЖП комитеттері болып атала бастады. Бірақ партия іс жүзінде әлі құрылған жоқ болатын. Оның жарғысы, бағдарламасы, күрес тактикасы болмады, партия бір орталықтан басқарылмады. Осы мәселелер РСДЖП-нің 2-съезінде [1903, 17 (30) шілде – 10 (23) тамыз) Брюссель – Лондон] қатты талқыланды. Онда Ленинді жақтаушылар большевиктер, Марковты (1873 – 1923) жақтаушылар меньшевиктер болып аталды. 1905 – 07 ж. Ресейде бірінші орыс революциясы болып өтті. Осыған байланысты РСД(б)ЖП-нің 3-съезінде [1905, 12 (25) сәуір – 27 сәуір (10 мамыр] партияның күрес тактикасы белгіленді. Ресейде 50-ден астам большевиктік ұйымдар құрылып, ірі-ірі қалаларда Жұмысшы депутаттары кеңесі пайда болды. Большевиктер 1905 ж. Мәскеуде, т.б. ірі қалаларда өткен желтоқсан қарулы көтерілісіне қатынасты. Партияның 4-съезі [1906, 10 (23) – 25 сәуір (8 мамыр) Стокгольм] мен 5-съезі [1907, 30 сәуір (13 маусым) – 13 мамыр (1 маусым), Лондон] бірігу съездері болды. Онда большевиктер мен меньшевиктер уақытша бірікті. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында (1914 – 18) Батыс Еуропа жұмысшы партияларының көпшілігі өз үкіметтерін қолдап шықты. Марксшіл партиялардың халықар. қауымдастығы – ІІ-Интернационал тарап кетті. 1917 жылы Ресейде Ақпан революциясы болып, елде қосарланған билік жүйесі (Уақытша үкімет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің билігі – “қос өкімет”) орнады. Ленин, т.б. партия көсемдері эмиграциядан, айдаудан қайтып, саяси өмірге араласты. РСД(б)ЖП-ның 6-съезі [1917, 26 шілде (8 тамыз) – 3(16) тамыз, Санкт-Петербург] Ленин нұсқауларын басшылыққа ала отырып, өкімет билігін қарулы көтеріліс арқылы тартып алу туралы шешім қабылдады. Көтеріліс 1917 ж. 25 қазанда (8 қараша) ел астанасы Санкт-Петербургте (қ. Кеңес өкіметі), 2 (15) қарашада Мәскеуде жеңіп шықты. Енді РСД(б)ЖП оппозициядағы партиядан жетекші партияға айналды (қ. Қазан төңкерісі). РСД(б)ЖП-ның 7-съезінде (1918, 6 – 8 наурыз, Санкт-Петербург) партияның атауы өзгеріп, Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы [РК(б)П] болып аталды. Коммунистік партия жұмысшылар мен шаруаларды Кеңестік республиканы қорғауға шақырды. РК(б)П-ның 8-съезі (1919, 18 – 23 наурыз, Мәскеу) мен 9-съезінде (1920, 29 наурыз – 5 сәуір) Қызыл Армияны нығайту, контрреволюция мен шетелдік басқыншыларды талқандау негізгі мақсат етіп қойылды.

Комсомол билеті, 1983

Азамат соғысында жеңіске жеткеннен кейін бір ғана саяси партия – РК(б)П билігіндегі Кеңес өкіметінің алдында тұрған негізгі міндет ашаршылықпен күрес, экономиканы қалпына келтіру мәселелері болды. Сондықтан партияның 10-съезі (1921, 8 – 16 наурыз) “соғыс коммунизмі” саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу жөнінде шешім қабылдады. Съезде ұлт мәселесі, кәсіподақтар жөнінде қызу пікірталастар жүріп, лениндік тұжырымдама қабылданды. Жікшілдікке жол бермеу үшін “Партияның бірлігі туралы” қарар да қабылданды. 11-съезде (1922, 27 наурыз – 2 сәуір) жаңа экон. саясаттың бір жылдық қорытындысы шығарылды. Елдің одан әрі саяси, экон., мәдени дамуы үшін кеңестік республикалардың ерікті одағын құру қажеттілігі айтылды. “Автономияландыру”, яғни барлық кеңестік республикалардың Ресей құрамындағы автон. аймақтар болуы қажеттігі идеясы қатты сынға ұшырады. Съезден кейін өткен РК(б)П ОК-і пленумында ОК Бас хатшысы болып И.В. Сталин сайланды. Осы жылдың қазан – желтоқсан айларында өткен Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Армения, Грузия компартияларының пленумдары КСРО-ға бірігуді мақұлдады (қ. Кеңес Одағы). РК(б)П-ның 12-съезі (1923, 17 – 25 сәуір) өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету, партияның және кеңестердің басқару жүйелерін жетілдіру мәселелерін қарады. Осы жылы партия ішінде қызу күрес басталды. Сондықтан фракциялар мен топтар еркіндігін талап еткен ОК пленумы троцкийшіл, “децистер”, “солшыл коммунистер”, “жұмысшы оппозициясы”, т.б. топтарды марксшіл-лениншіл идеялардан шегіну, ұсақ буржуазиялық адасу деп мәлімдеді. 1924 ж. 21 қаңтарда партия көсемі Ленин қайтыс болды. РК(б)П ОК-і жедел пленум өткізіп, партияға лениндік шақыру жариялады. Жедел түрде 240 мыңнан аса жұмысшылар мен шаруалар партия қатарына алынды. Ленин ауырып жатқан кезде және ол қайтыс болғаннан кейін партияның ОК-і мүшелері арасында билікке таласушылар арасында қызу пікірталастар жүріп жатты. Ол пікірталастар 14-съезде (1925, 18 – 31 желтоқсан) айқын байқалды. Онда Сталин тобы жеңіске жетіп, Л.Троцкий тобы мен “жаңа оппозиция” (Каменев – Зиновьев) тобы талқандалды. Съезде партияның жаңа жарғысы қабылданып, РК(б)П – Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы [БК(б)П] болып аталды. БК(б)П-ның 15-съезінде (1927, 2 – 19 желтоқсан) ел экономикасын өркендетудің бірінші бесжылдық жоспарын жасау жөнінде нұсқау қабылданды.1929 – 32 жылдарға арналған бірінші бесжылдық жоспар БК(б)П-ның 16-конференциясында (23 – 29 сәуір, 1929) бекітілді. Съезде Троцкий – Зиновьев тобы лениншіл бағыттан қол үзді деп есептелініп, ол топтың көптеген мүшелері партиядан шығарылды (қ. Бесжылдықтар). БК(б)П-ның 16-съезі (1930, 26 маусым – 13 шілде) Кеңес Одағының көптеген аймақтарында болып жатқан жаппай ашаршылықтарға қарамастан өнеркәсіп пен а. ш-нда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік деп атап көрсетті. 17-съезде (1934, 26 қаңтар – 10 ақпан) бірінші бесжылдықтың қорытындысы шығарылып, екінші бесжылдық жоспары бекітілді. Осы съезде Сталин Бас хатшылыққа сайланарда көпшілік дауыс ала алмай, делегаттар партияның Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) губерниялық және қалалық комитетінің, БК(б)П-ның Солт.-Бат. бюросының 1-хатшысы, ОК Саяси бюросының мүшесі С.М. Кировты (1886 – 1934) жақтап дауыс берді. Бірақ дауыстарды санаушы комиссия сайлауды Сталиннің пайдасына бұрып жіберді. Көп ұзамай Киров белгісіз жағдайда кісі қолынан қазаға ұшырады (1934). Осыдан кейін Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргін өршіп, артынша Ұлы Отан соғысы (1941 – 45) басталды да, партия съезі шақырылмай қалды. Қазақстанда 1921 жылы маусымда болған партия конференциясы жергілікті большевиктік ұйымдарды РК(б)П құрамында болатын біртұтас Қазақ облысы партия ұйымына біріктірді, партияның облыс комитетін сайлады. 1925 жылы 19 ақпанда БК(б)П ОК шешімімен облыстық ұйым – өлкелік ұйым, обком – өлкелік комитет болып қайта құрылды. 1937 жылы сәуірде өлкелік ұйым Қазақстан К(б)П-на, өлкеком – Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне айналдырылды (қ. Қазақстан Коммунистік партиясы). Елде Сталиннің тоталитарлық режимі орнықты. Соғыс жылдарында партия қатары нығайтылып, 5319297 адам кандидаттыққа, 3615451 адам мүшелікке өтті. 1952 ж. 4 – 19 қазанда өткен 19-съезде партияның атауы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы (КОКП) болып өзгертілді. 1953 ж. 5 наурызда Сталин қайтыс болды. КОКП-ның 20-съезінде (1959, 14 – 25 ақпан) Сталиннің жеке басына табыну дәстүрі жан-жақты талқыланып, қатал айыпталды. Бірақ елде демократияның дамытылуы шектеліп, партияның кезектен тыс шақырылған 21-съезі (1959, 22 қаңтар – 5 ақпан) елде социализм толық және түпкілікті орнады деген қорытынды шығарды. Кеңес халқы жаңа коммунистік қоғамға аяқ басты деп есептелінді. КОКП-ның 22-съезінде (1961, 17 – 31 қазан) елде кемелденген социализм орнады деген қорытынды жасалды, партияның үшінші бағдарламасы қабылданды. Онда елде коммунизм орнату үшін үш негізгі міндетті (коммунизмнің материалдық базасын жасау; жаңа адамды тәрбиелеу; коммунистік қоғамдық қатынастарды жетілдіру) шешу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Партияны Н.С. Хрущев басқарған кезде (1953 – 64) елде саяси әулекілік етек алды, шаруашылықты өркендетуде көптеген кемшіліктер жіберілді, партияның облысы ұйымдары салалық партия ұйымдарына ажыратылды. Сондықтан 1964 ж. өткен қазан пленумында Хрущев орнынан алынып, орнына Л.И. Брежнев сайланды. КОКП-ның 23 – 27-съездері әр 5 жыл сайын өткізіліп тұрды. Оларда, негізінен, өткен бесжылдықтар қорытындылары шығарылып, жаңа бесжылдық жоспарлары бекітіліп отырды. Елде 20 ғ-дың 50-жылдарының орта тұсында орнаған кейбір демокр. өзгерістер шектеліп, партия өз ішінде тоқырауға ұшырай бастады. КСРО-да көппартиялықтың болмауы, КОКП-ның жеке билігі елде тоталитарлық жүйе қалыптастырды. Ел экономикасы тоқырауға ұшырап, кері кете бастады. Партия аппараты мен үкіметте реформа жүргізуге тырысушылар ревизионистер ретінде қудалауға ұшырады. Брежнев қайтыс болып, партия басшылығына 1982 ж. қарашада Ю.М. Андропов (1914 – 1984), 1984 ж. наурызда ол қайтыс болған соң К.У. Черненко (1911 – 1985), ол да 1985 жылы наурызда қайтыс болғаннан кейін М.С. Горбачев сайланды (қ. Горбачев М.С.). 1985 жылы сәуір пленумынан басталған елдегі өзгерістер КОКП мүшелеріне де қатты әсер етті. Көптеген КОКП мүшелері партия ішінде реформалар жүргізуді талап етті. Халық арасында компартияның жетекшілік рөліне қарсы қозғалыстар күшейіп кетті. Одақтас республикалардың компартиялары 1989 жылдан бастап, КОКП-дан бөлініп шығуды қолға алды. Осыған байланысты партия басшылығындағы кертартпа күштер 1991 ж. Мәскеуде тамыз бүлігін ұйымдастырды. Бүлік басылғаннан кейін көп ұзамай Ресей Президенті Б.Ельцин өзінің жарлығымен КОКП-ға тыйым салды. КОКП биліктен кеткеннен кейін көп ұзамай 1991 ж. 8 желтоқсанда Кеңес Одағы тарап кетті. Қазіргі кезде Ресейде бірнеше партия өздерін КОКП-ның мұрагерлеріміз деп есептейді.[1]

КОКП мүшесінің партиялық билеті (1989 ж.)
КОКП төсбелгісі. «КОКП мүше белгісі» болмады (комсомол, пионер немесе октябрята мүшесіне қарағанда)

КОКП-ға кіру үшін партияның екі мүшесінің ұсыныстары талап етілді (партия тәжірибесі кем дегенде бір жыл). Осы ұсыныстарды мақұлдағаннан кейін бейпартиялық КОКП-ның кандидаттық мүшесі болатын және оған кандидаттық карточка берілетін.

Талап етілген ұсыныстардың саны тарихи тұрғыда өзгереріп отырды, сонымен қатар (1920-1930 жж.) әлеуметтік үлеске байланысты (екі, үш, бес ұсыныс) болуы мүмкін еді. Кандидат тәжірибесінің мерзімі де өзгеруі мүмкін (бір жыл, екі, үш) еді.

Барлық партия мүшелер және кандидаттар ай сайын партиялық жарна төлеуге міндетті болды. Мүшелік жарна төлеу туралы ескертулер партиялық билетте көрсетілетін.

1917 жылы РК(б)П саны 350 мың адам болды. 1924 жылы Ленин қайтыс болғаннан кейін партияға жұмыскерлерді жаппай қабылдау («лениндік шақырту») өткізілді.

1923 жылы партияда 386 мың адам, 1924 жылы 735 мың адам, 1927 жылы 1 236 мың адам, 1930 жылы 1 971 мың адам, 1934 жылы - 2 809 мың адам болды. Зерттеуші Н. Н. Маслов 1920-1929 жж. өнеркәсіпті соғысқа дейін қалпына келтіру есебінен жұмыс класының саны 5 есе өсті, бұл ең алдымен тапсызданған шаруа жастарына байланысты болды. 1927-1929 жж. әрбір жетінші жұмысшы оқи да, жаза да алмады.

1937 жылы БК(б)П мүшелерінің саны 1 453 828 адам болды.

Әлеуметтік құрылымына қарай, 1973 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша КОКП мүшелерінің 40,7% -ы зауыт жұмысшылары, 14,7% - ұжымдық фермерлер болды.

Мемлекеттік идеология КОКП-ны еңбекші адамдардың партиясы екендігін сендіргендіктен, жаңа мүшелерді қабылдаған кезде, партия өз ұжымдарында қарапайым ұжымдық фермерлер мен зауыт жұмысшыларының белгілі бір пайызын сақтап қалуға тырысты.

Партия санының көп болуына байланысты, партия мүшелерінің абсолюттік көпшілігі қарапайым коммунистерден тұрды.

1990 жылдың наурыз айында КОКП ОК-тің пленумында КОКП-ның жаңа Жарғысын (соңғы тарихында) қабылдағанымен, жаңа мүшелерді қабылдау тәртібін жеңілдету үшін сол жылы КОКП-да 1 жылдық кандидаттық тәжірибені толық жойды. Барлық кандидаттар автоматты түрде партия мүшесі болып қабылданды. Себебі, осы уақытта партия зиялылардың КОКП-дан кету үрдісі байқалды. 1961 жылға дейін үміткердің кандидаттық тәжірибе 1-санат үшін 1 жыл (5 жылдан артық жұмыс тәжірибесі бар өнеркәсіпшілер) және 3 жыл болған өзге партиялардан шыққандардан қарағанда, басқаларына 2 жыл, ал 1961 жылдан бастап 1 жыл болған.

1991 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша КОКП мүшелері мен кандидаттарының саны 16 516 066 мүшені құрады (КОКП-ны тіркеу кезінде КСРО-ның Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, олар жария болған).

КОКП-ның ерекшелігі оның ұйымдастырушылық құрылымында. КОКП-ның құрамына КСРО-дағы он бес республиканың он төрт коммунистік партиясынан құралған болатын, ал республикалардың ішіндегі ең ірісі РКФСР өзінің коммунистік партиясы болмады, ал оның аумағындағы партия ұйымдары КОКП-ның бүкілодақтық органдарына бағынды. РКФСР коммунистік партиясы 1990 жылы ғана құрылды, бірақ тамыз төңкерісінен кейін ол РКФСР Президентінің жарлығымен тыйым салынды; 1993 жылы РФКП ретінде қалпына келтірілді.

Ұйымдастырылған құрылым

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
XXIV партия съездіндегі делегаттың төсбелгісі (1971 ж.)

Құрамына КСРО-ның 14 басқарушы республикалық коммунистік партиялары кірді: 1990 жылдың маусым айына дейін РКФСР КОКП-ның Орталық құрылымына негізделген республикалық компартиясы жоқ Кеңес Одағындағы жалғыз республика болды. 1940-1956 жж КП Карел-Фин КСР өмір сүрді.

Республика Партия
Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы РКФСР коммунистік партиясы
(1990 жылдан бастап)
Украина Кеңестік Социалистік Республикасы Украина коммунистік партиясы
Белорус Кеңестік Социалистік Республикасы Беларус коммунистік партиясы
Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы Өзбекстан коммунистік партиясы
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан коммунистік партиясы
Грузин Кеңестік Социалистік Республикасы Грузия коммунистік партиясы
Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы Әзірбайжан коммунистік партиясы
Литва Кеңестік Социалистік Республикасы Литва коммунистік партиясы
Молдава Кеңестік Социалистік Республикасы Молдавия коммунистік партиясы
Латвия Кеңестік Социалистік Республикасы Латвия коммунистік партиясы
Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы Қырғызстан коммунистік партиясы
Тәжік Кеңестік Социалистік Республикасы Тәжікстан коммунистік партиясы
Армян Кеңестік Социалистік Республикасы Армения коммунистік партиясы
Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасы Түрікменстан коммунистік партиясы
Эстон Кеңестік Социалистік Республикасы Эстония коммунистік партиясы
Карел-Фин Кеңестік Социалистік Республикасы Карел-Фин КСР коммунистік партиясы
(1940—1956)

Орталық органдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Толық мақаласы: КОКП съезі

КОКП-ның жоғары органы бастапқыда жыл сайын шақырылған партиялық съезд болды, бірақ 1925 жылдан кейін съездер тұрақты болмады: тіпті, 13 жыл (1939—1952 жылдар) арасында болды, съезддер арасында - Орталық комитет, Съезд, Орталық комитеттің отырыстарының арасында - Орталық комитеттің Саяси бюросы (1919 жылға дейін - Орталық комитеттің Бюросы, 1952-1966 - Орталық комитеттің Президиумы) сайланды, Орталық комитет жоғарғы орындаушы орган - Орталық комитеттің Секретариатты сайлады, Орталық комитет жоғарғы лауазымды адам - Орталық Комитеттің Бас хатшысын (1919 жылға дейін - Орталық комитеттің Төрағасы, 1919-1922 жж. - Орталық Комитетінің Жауапты хатшысы, 1934-1953 жж. - лауазым болмады, 1953-1966 ж. - Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы) сайлады, Орталық комитет жоғарғы басқару орган - Партиялық бақылау комитетін (1962-1965 жж. - Партия-Мемлекеттік бақылау комитеттері, 1934-1952 жж. - Партиялық бақылау комиссиясы, 1920-1934 жж. - Орталық бақылау комиссия) сайлады, Орталық Комитет жоғары аудит мекемесі - Орталық тексеру комиссиясын сайлады.

КОКП Орталық Комитет хатшылардың арасындағы Г. И. Усмановтың қызметтік куәлігі

Съезддер өміріндегі маңызды оқиғалар болды, оның барысында партия саясатының негізгі бағыттары айқындалды және оның жоғарғы органдарының құрамы қалыптасты. Барлығы 28 съезд өткізілді. Минск қаласында (1898) Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының құрылтай съезі бірінші болып саналады, ал 1990 жылы Мәскеуде өткен КОКП-тың 28-ші съезі - соңғы болып табылады. Жарғыға сәйкес Партияның жетекші рөлді партия съезді ойнау керек болды, бірақ шын мәнісінде 1921 жылы партияішілік фракциялар мен топтарға тыйым салынғаннан кейін Орталық комитет пен Орталық комитеттің Саяси бюросы жоғарғы жетекші күшке ие болды, ал 1924 жылдан бастап ОК Бас хатшысы, КСРО-ның де-факто басшысы болды.

Республикалық органдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Одақтық республикалардың коммунистік партияларының жоғарғы органдары - съездерді, облыстық конференциялар (облыстық бөліністері жоқ одақтық республикаларда - аудандық конференция) сайлады, съездер арасында - орталық комитетті съездер сайлады, орталық комитеттер отырысының арасында - орталық комитеттің саяси бюросын орталық комитет сайлады, атқарушы органдар - орталық комитеттің секретариатын орталық комитет сайлады, жоғарғы лауазымды адамдар - орталық комитеттің бірінші хатшыларын орталық комитеттер сайлады.

Жергілікті органдар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том