Тибет таулы қыраты
Тибет таулы қыраты, Цинхай-Сикан-Тибет таулы қыраты – Жер шарындағы ең биік және аумақты таулы қырат. Орталық Азия, Қытай жерінде. Oңтүстігінде Гималай, солтүстігінде Кунлунь, батысында Памир және Гиндукуш, Қарақорым, шығысында Сино-Тибет тау жүйелерімен шектеледі. Жер аумағы 2 млн. км². Орташа биіктігі 4000 – 5000 м, көптеген жоталардың биіктігі 6000 – 7000 м-ге жетеді. Негізінен құмтас, әктас, сазды тақтатас, гранит, гнейстен түзілген. Т. т. қ. солтүстік жағы герцин, орта бөлігі мезозой (Тынық мұхит қатпарлығы), оңтүстік Aльпі қатпарлығы кезінде жаралған. Альпі тау жаралу кезеңінде Т. т. қ. жаппай қуатты көтерілуге ұшырады. Тау жаралу қозғалысының мұнда әлі де тоқталмағандығына көпшілік бөлігінің сейсмикалық ауданға жататындығы және термальдық бұлақтардың көп болуы дәлел бола алады. Солтүстік Кайлас және Ньенчен-Тангла жоталарына дейін эрозияға ұшырамаған, ішкі ағын жоқтың қасы. Оңтүстікгіне қарай Гандисышань және Гималай жоталарының аралығында тауаралық тектоникалық ойысқа сай кең ойпаң орналасқан. Бұл бөлікпен Инд және Цангпо (Брахмапутра) өзендері ағып өтеді. Тибеттен Азияның ең ірі өзендері: Инд, Брахмапутра, Салуин, Хуанхе, Янцзы, Меконг басталады. Тас көмір, темір кентасы, түсті металдар, т.б. кен орындары бар. Климаты тым континенттік. Қаңтардың орташа температурасы оңтүстігінде 0° – 2°С-тан солтүстігінде –20°С-қа төмендейді, шілдеде 5 – 15°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері солтүстігінде 50 – 100 мм, оңт-нде 500 – 700 мм. Климатының тым қуаң болуына байланысты таулық қар жиегі солтүстігінде 6000 м, оңтүстігінде 5500 м биіктіктен өтеді. Өзендерінің суы мол, ағындары өте қатты; негізінен мұздық суымен толығады. Көлдері көп, ірілері – Намцо, Селлинг, Данграюм, Орин-Нур. Биік таулық қиыршық құмда шөл және шөлейт өсімдігі, оңтүстік жағындағы шалғындық топырақта таулық дала өсімдігі, оңтүстік-шығыс бөлігінде қылқанды және жалпақ жапырақты орман өседі. Қодас, құлан, арқар, аю, қасқыр, түлкі, шибөрі, қоян, тарбаған, құстардың көптеген түрі тіршілік етеді.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |